Адамның тұлға болып қалыптасуы жас кезінен бастап жанұясының, әке-шешесінің, жақын ортасының және өмір сүретін тарихи кезеңінің ықпалына байланысты. Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы ел басына ауыртпашылық түскен соғыс жылдары және соғыстан кейінгі кезеңде өтті.
Жас кезінен ауыр еңбекке дағдыланған, сан алуан халықтар мен дін өкілдерінің арасында өсіп, ұлттық мәдениет рухында тәрбиеленген Н.Назарбаев өзіне және өз жақындарына қатысты жауапкершілік жүгін мойымай көтеруге үйренді. Отбасына тірек болуды мақсат тұтуы, білім алуға құштарлығы, туған халқының қуаты мен зор болашағына сенім артуы болашақ Президенттің жеке басының қасиеттерін қалыптастыруға берік негіз болды.


Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылғы 6 шілдеде Іле Алатауының бөктеріндегі Шамалған ауылында дүниеге келді. Залдың ортасында Президенттің балалық шағы өткен жерлерді бейнелейтін «Үшқоңыр» диорамасы орналасқан. Даланың асқан сұлу көрінісі «Балалық шағымның аспаны» фильмінің сарыны бойынша жасалған. Витриналарда Нұрсұлтан Назарбаевтың ататегі – Шапырашты руының шежіресі, қазақ халқының күнделікті тұрмыста қолданатын бұйымдары, Шамалған ауылындағы болашақ Президенттің ата-анасымен бірге жасаған үйдің, Днепродзержинскідегі оның кәсіптік білім алған №8 техникалық училищенің макеттері қойылған. Сондай-ақ, Орталыққа келушілер Н.Назарбаевтың оқушылық және студенттік жылдары туралы баяндайтын фотосуреттермен, Мақтау қағаздарымен және «Доменстрой» құрылыс басқармасына жұмысқа берілген жолдамамен таныса алады. Залда «Мұнда еліміздің екпінді құрылысы – Қазақстан Магниткасы бой көтеруде» деп жазылған қызыл қақпа бар. Мұндай қақпалар ХХ ғасырдың 50-60 жылдары Теміртау қаласының барша кіре беріс жерлерінде орнатылды.