Қазақстандықтар үшін Тәуелсіздік ұлт тарихындағы жаңа дәуірдің нышаны, Қазақстанның гүлденуі мен тұрақты дамуының берік негізі. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» алғашқы конституциялық заң қабылданысымен, біз тарих сахнасына жаңа тәуелсіз, егеменді мемлекет шыққанын әлемге паш еттік.Мемлекет басшысын сайлау, мемлекеттік рәміздерді және елдің негізгі заңы – Конституцияны қабылдау, армияны құру, ұлттық валютаны айналымға енгізу және жаңа елорда Астананы салу сияқты келесі қадамдардың бәрі де көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев бастаған қазақстандықтардың үлкен жетістігі.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері Қазақстан халықтарының өзара бейбіт өмір сүруіне негіз болған дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастарды нығайтудың мемлекеттік саясаты елімізде байсалды түрде жүргізілуде. Экспозиция Қазақстанның Тәуелсіз Республика кезіндегі барлық жетістіктерін ашып көрсетуге мүмкіндік береді.
Залдың ортасында Қазақстанның елордасы – Астана қаласының 1:1 000 масштабта жасалынған макеті орналасқан. Макетте Қазақстан астанасының келбетін қалыптастыратын Ақорда, Бейбітшілік және келісім сарайы, Бәйтерек, «Қазақ елі» мемориалдық кешені, «Хан шатыр», «Шабыт» шығармашылық сарайы, Тәуелсіздік алаңы, Хазірет-сұлтан мешіті сияқты аты аңызға айналған барша сәулет туындылары көрсетілген. Орталық қабырғаға көлемді көркемсурет орналастырылған. Оның бірінші жартысы Мемлекет басшысының Қазақстан Магниткасына байланысты еңбек жолына, екінші жартысы күшті, бейбітшілік сүйгіш, гүлденген бүгінгі Қазақстанға арналған.
Витриналарда Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің маңызды белгілері – Ту, Елтаңба, Гимн; ұлттық валюта-теңгенің тұңғыш шығарылымы; Қазақстанның жаңа тарихының оқиғалары түсірілген бірегей фотосуреттер қойылған.